03.06.2022
  174


Автор: Мерген Тоқсанбай

АУЫЛ КЕШІ

Бөгемесін деп бесінде көктегі нұрды,
Жел айдап, əне, əкетті өтпелі мұңды.
Қарағай – мұрты тікірейген кəрі таулардың
Жағалай көлді сап тізген бөктері – гүлді.
Қарауытады орманның шеттері шилі,
Ырғала билер кешкісін шөптері биді.
Қызыл көз Күннің қарағанынан ұялып,
Қыз толқындардың көлдегі беттері күйді.
Қақ бөліп жүзген аққу-қаз күйлерін бүркіп,
Ақ көбік атқан айдынның жиегі – іркіт.
Аққұба қызбен əн айтып барсам іңірде,
Аулаққа бізден ұшатын үйрегі үркіп.
Алдымда жатыр, шіркін-ай, дөңгелеп айдын,
(Жанымды сірə, мұндайда меңдер ме қайғым?)
Көк желектерін Түн сүйіп ақ қайыңдардың,
Ақ етектерін нұры орап дөңгелек Айдың.
Қамысын көлдің түндерде күлдірген желі,
Бармақтай еді бұл сайдың бүлдіргендері.
 Бүлдірген терген бойжеткен қайда екен қазір,
Сағына ма екен сол сай мен бұл күнде мені?
Тастарын қырау шалатын түнгі ызғар өбіп,
Анау бір сайға əуелден ынтызар едік.
Алагеуімде аяңдап ауылға қайтсақ,
Аспанға сіңе бастайтын жұлдыздар еріп…
Шөл басып талай кəусардай бұлақтарынан,
Аққұба қызға бұл жерде сыр ақтарылған.
Жалған күндер-ай оралмас, арман түндер-ай,
Сендермен күліп қоштасқам,
Жылап сағынам…





Пікір жазу