03.06.2022
  186


Автор: Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

ƏЖЕ

Аңыз боп өткен абыз əжемді,
Сағындым, тағы сарылдым.
Сағынышымды ағызам енді,
Сапыршы жырды, сағым күн.
Сəби күнімнен алдында өстім,
Əжетайымның аунақшып.
Тағы да жүрші жанымда бес күн
Батаңды берші жанға ыстық.
Қалтаңда жүрген құртың бар еді,
Құр қалдырмайтын ұртымды.
Көкшіл көзіңе сыр тұнған еді
Тек қана білем сыртыңды.
Əлдиін тыңдап əжемнің əр күн,
Санамда сəуле жағылған.
Ұлтымның ұлы таза емдім салтын
Жатталып қалды жадымда əн.
Текті еді əжем! Тектілік оған
Дарыған туған жерінен.
 Советтің кезі тепкі бораған,
Тайғызды тұрған төрінен.
Сарқан-Басқанды* сағынып өтті
«Сары кемпір» сарылып.
Туған жеріне зар үні жетті,
Құстармен қоса сабылып.
Əже арманы орындалмады,
Оралмай кетті жеріне.
Ұрпағы оның жолын жалғады,
Қосылды текті еліне.
Тəліміңменен қарулап мені,
Азамат болып ат міндім.
Əкетті ажал арулап сені,
Қанатыменен аққудың.
Тоқсан бес жылдық тарих қалды,
Тағылым қалды артыңда.
Жанымда бірақ зар ұйып мəңгі,
Таңылып қалдым нар мұңға.
Сағыныш бүгін таңға ұласты,
Мөп-мөлдір мейірім ұрттайын.
Қалада жүріп қарыным ашты,
Қалтаңда бар ма құрт, майың?..
Əжеу!..





*Сарқан-Басқан – Алматы обылысына қарасты жер аты





Пікір жазу