meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  03.06.2022
  240


Автор: Жанғазы АХМЕТ

Ауылды аңсау

 


 


Парығымның пайымы ауыр,


Паршаланған ес бүтін.


Ұқса ұғар жайымды ауыл,


Ескі әрі есті тым.


 


Сол ауылда бал шақ қалған,


Балғын бақыт бейнесі.


Сол ауылға алшақ қалған


Тартқым келед кейде осы...


 


Түсін әке, ұғын ана,


Керім қала—кем көңіл.


Қоғам қалай құбылады, ә,


Құлпыртып еді немді өмір?!


 


Үміт үрлеп үзілмеген,


Жауабы жоқ сұрақпен.


Әлдекімше кіжінген ем,


Әлсіз екем бірақ мен...


 


Кертіп жатыр кім керегін,


Мен бе мұңға батар тек?!


Тіліп түсті тілдегенім,


«Соры қалың шаһар» деп.


 


...Қайран ауыл, кешір мені,


Қайта табар қазығым.


Бір түйінім шешілмеді,


Күдер күрмеп қажыдым.


 


Ұрланды сан жатқа ырысым,


Сұрқың бұлдап бақ маған.


Болсам деп ем мақтанышын...


Енді, не деп ақталам?!


 


Көз ұшында  діттегенім,    


Сіңе берді көкке кіл.


Көз жасыңа жүкті өлеңім,


Өрекпісе өкпелі ұл...


 


Қала маған бермеді ырық,


Мен қаланы ұқпағам.


Өлсем өлем сен де жүріп,


Құшағынды аш, Құтханам! 





Пікір жазу