meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  03.06.2022
  229


Автор: Жанғазы АХМЕТ

Жазкөшу

 


Жазған елге жөн сілтеп саналы топ,


Жаз да өтті саратан самалы боп.


Ауыл жаққа қарайлап қоям мен де,


Айтары көп адамдай амалы жоқ.


 


Шайқай алмас шаттығын күзгі дауыл,


Тұрағы боп табылған түздің тәуір.


Иә, рас жыл, күн санап көркейгенмен,


Сағат санап жүдеуде біздің ауыл.


 


Кешегінін күн кешкен елесімен


Ескі жұрттың болса да өресі кең...


Озып барад(ы) еліміз көш ілгері,


Тозып барад(ы) сол ауыл, о несі екен?!


 


Беу, мен үшін сол ғана—дара ұшпақ,


Дақпыртқа құр даурықпас қара қыстақ.


Шарасы кең Шақпақтың өзенінен,


Бала біткен мәз боп жүр шабақ ұстап...


 


Табиғаттан дарыса төзім жүк—сың,


Сынап қайтем, сырлас дос, сөзімді ұқ шын.


Құлаңды тау аталған шоқпыттардан,


Құлан көрсем бұл күні көзім шықсын.


 


Бет бұрғызбай ел жаққа бек тіршілік,


Тағы бір жаз келмеске кетті сіңіп.


Қайтқан құстың әні де үзіледі;


«Өмір өтіп барады...» деп күрсініп.


 


...Түсіме ылғи енеді сол ауыл көп,


Сол ауылдың білмеппін соры ауыр деп.


Ұрлап бітті ұсқының ұры уақыт,


Әкем болса әлі жүр қарауыл боп... 





Пікір жазу