meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  03.06.2022
  246


Автор: Жанғазы АХМЕТ

МЕНІҢ АУЫЛЫМ

Осы ауыл –
Жүрілген жолдардың куəсі.
Мен жайлы менен кем білмейтін.
Осы ауыл –
Амандық аңқыған дұғасы,
Кештірген балаң күн – гүл кейпін.
Осы ауыл –
Кешенің келбетін сақтаған,
Өзгермес өткеннің өзегін.
Осы ауыл –
Мен үшін кір шалмас ақ ғалам,
Қиялдың күттірген кезегін.
Осы ауыл –
Шығарып саларда ырғалып,
Келгенше күтетін баласын.
Осы ауыл –
Шешемның шеріне тым қанық,
Əкемнің көтерген наласын.
Осы ауыл –
Апамның жоғалған оймағы,
 Атамның сүйенер таяғы.
Осы ауыл –
Мен жайлы өзгеше ойлады,
Һəм сосын өзгеше аяды.
Осы ауыл –
Ұрланбас ұйыған ырысы,
Жазылған жырлардың тұмсасы.
Осы ауыл –
Сұңқылы сыңситын түн іші,
Байғыз-үн жанымның мұңдасы.
Осы ауыл –
Тағдырым тұсауын қидырған,
Бағытты сілтеген бүгінге.
Осы ауыл –
Қос ағам қабірін сидырған,
...Мені де тоса ма түбінде?..





Пікір жазу