БӨРІ ҰЛИДЫ
Күңгірт тартты құбылып күнім Арда,
Жыр ойнайды жасындай жылы қанда.
Аруағы асып Алаштың кете барған
Ай астынан көк бөрі ұлығанда.
Ай астында көк бөрі... ұлығанда
Айбар бітіп Алашта тірі жанға.
Көшпелі елдің көгінен Тəңір шығып
Ғасыр көшіп, жылжыған ғұмыры алға.
Түркі елінің қалған ғой түнде кегі,
Тəңірісіне табынып күн көреді.
Шер-шеменін бөрі боп соған шағып
Жүрегінің жазылған жырмен емі.
Тəңірге – Алаш, табынған Айға бөрі,
Тірлігінің тектілік айғағы еді.
Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге
Түлкі болған түркінің қайран елі.
Қайран елі түркінің! Бөрі айбары
Көкіректен өшсін бе оңай бəрі?!
Түн баласы түртпектеп мені оятқан
Алтай шыңы, орманы, тоғайлары...
Зұлмат дəуір зəһəрлі зəрін үйді,
Қайдан табам байырғы соны күйді.
Тозып біткен түркінің рухын жоқтап
Əлсін-əлсін Алтайда бөрі ұлиды...
Бөрі ұлиды...