02.06.2022
  116


Автор: Ескен Елубаев

ТУАДЫ, ШЫҒАДЫ, ТҮСЕДI, КЕЛЕДI

– Мазалаған көптен бiр
Сұрағым бар,
Дөп келдiң,
Халық неге айтады,
Туады деп
Көктемдi?
– Неге десең,
Көктемде,
Наурыз келiп жеткенде,
Құлын,
Бұзау,
Қозы,
Лақ


Толып өрiс беткейге,
У-шу болып жатпай ма,
Мал төлдерiн таппай ма?
Көктем туды деп халық
Сондықтан да айтпай ма?
– Ендеше айт
Мынаны,
Жаз неге онда шығады?
– Егiн шығып болады,
Қауыздары толады.
Орақ кезi басталып,
Диқан бидай орады.
Қырман тау боп жатады,
Ел ырысқа батады.
Жаз шығады деп халық,
Сол себептi айтады.
– Ойландырған кешелi
Бiр бiлмегiм осы едi.
Ал халқымыз нелiктен
Күз түседi деседi?
– Келген кезде ақырап,
Сарғаяды атырап.
Ағаштардан түседi
Əрi кеткен жапырақ.
Шопан жүгiн артады,
Таудан түсiп қайтады.
Сол үшiн де халқымыз
Күз түстi деп айтады.
– Жауабыңды бер ендi,
Ал
Қыс неге келедi?
– Тау,
Жотаны,
Даланы
Қырау тегiс жабады.


Қыстың алғаш белгiсi –
Сулар қатып қалады.
Қыс хабарын бередi.
Қамданады ел ендi.
Содан жолын күткен соң,
Дейдi
Қысты «келедi...»





Пікір жазу