02.06.2022
  117


Автор: Ескен Елубаев

ҚЫЗЫҚ

– Мұндай қызық көрмедiм,
Күлкiден сəл өлмедiм.
Келе жатыр көтерiп
Төрт түлiк өз төлдерiн.
Сырын сайтан бiле ме?
Құлын отыр
биеде.
Бұзау отыр
Сиырда.
Ал ботақан –
Түйеде.
Күлкiлi жай, өзi шын,
Қой арқалап
қозысын.
Лақ отыр
Ешкiде,
Бос келмейдi ешкiм де. –
Деген едiм, Демесiн
Бiлмей сенер-сенбесiн,
Аузын ашып таң болды,
Байқап тұрмын, дал болды.


Көбейдi оның күңкiлi,
– Айтқандарың күлкiлi,
Иə, саған өтiрiк
Айтасың, – деп бұртиды.
Арқалауды бiле ме,
Құлыншағын
Биелер.
Бұзауларын
Сиырлар,
Ботақанын
Түйелер.
– Əйтпесе өзiң, Демесiн,
Биыл «беске» келесiң,
Арқасына əжеңнiң
Неге мiне бересiң?
Сенi көрiп қалған ғой,
Өрiске олар барған ғой.
Өзiң құсап
«көтер» деп,
Жылап жатып алған ғой...





Пікір жазу