01.06.2022
  123


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Тас мүсінге

Армысыңдар, адамдар, тас мүсіндер,
(Төбесіне қонақтар ақ құсым кел).
Сардарлары сақтардың сендерді іздеп,
Алты қырдың астынан ат кісінер.
Садақ қайда, сар көзді сауыт қайда,
Енді адамдар сендерге жауықпай ма.
Табаныңның тамырлы күсін жалап,
Жүргендер де аз емес тауып пайда.
Сендерсіңдер, тарих көшпендісі,
Азияның ұлыған көк бөрісі.
Жұртта қалған мен де бір жұрағатың,
Бір жасаған қыраны, бөктергісі.
О, сақтарым, сендерден айбатым кем,
Жанын баққан қазақпын майда тілмен.
Оған-дағы шүкірлік, шелегіңнің
Жұғыны боп ауызыма айран тиген.
Сақ бабалар, қаздиып қарауылда,
Қарай бермей қара тау, қара адырға.
Онан-дағы азғынды ұрпағыңды,
Нысанаға алсаңшы садағыңа.





Пікір жазу