01.06.2022
  128


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Жаңа ғасыр

Болар деп қолы құтты, қадамы асыл,
Келдің бе, көптен күткен жаңа ғасыр.
Сəбидің күлкісін бер ұйқыдағы,
Ризық боп, гүл болып далада ашыл.
Тілемеймін мен сенен мол күтімді,
Шөлейттерге жаудырам өз бұлтымды.
Босағаңа тағы кеп боздамасын,
Жиырманшы ғасырдың жоқ-жітігі.
Ыс-түтінмен орбитам қоршалмасын,
Табиғаттың жамалын шаң сормасын.
Екі реткі соғыстың 1 індеті аз ба,
Қорамсаққа дүние қол салмасын.
Ертең үшін жөн болмас бүгінді ұқпай,
Ар-намыстың көтерген туын жықпай.
Жаңа ғасыр!
Жан баспас биігіңе,
Шыға алармыз жұмылсақ жұдырықтай.
Жаңа ғасыр, жаңа күш жалындаған,
Сенде еншім бар əлі де алынбаған.
Сенде іздеген жоғым бар табылмаған,
Сенде жақсы жырым бар жазылмаған.
Жемісіндей мəуелі соны жердің,
Жаңа ғасыр, шүкірлік сені көрдім.
Тоғанақты топшыға тидіре арт,
Сары атаны болайын ендігі өрдің.
Жаңалықтар, тылсымдар ашылғанша,
Сенде өтер ай, жылдар, маусым қанша?!
Секунтыңның тіліндей жүгірейін,
Жүгірейін дəм-тұзым таусылғанша.


1 Екі реткі дүние жүзілік соғыс меңзеледі




Пікір жазу