01.06.2022
  114


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Өлеңіме

Уа, өлең!
Үзеңгілес көне досым,
Сенсіз менің септелмей сөнеді отым.
Архивіңде сақталған алмас шағым,
Жылағаным,
күлгенім,
көне əдетім.
Сенсің менің байырғы парталасым,
Баласынан таңдаған алты алаштың.
Сенсің менің сенімді ауылдасым,
Жел қақтырған тайымның арқа-басын.
Сенсің менің қыраным-мұзбалағым,
Қаладағы вальс,
қырдағы əнім.
Сенсің жігіт сезімін серуендетіп,
Дірілдеткен жүрегін қыз баланың.
Сенсің менің сапарлас жан жолдасым,
Жолатпаған жолыма жау бомбасын.
Қиын күнде кеткенде бəрі безіп,
Жалғыз ғана қасымда сен қалғансың.
Сырласымсың, сен менің мұңдасымсың,
Ажарымсың, арымсың, сымбатымсың.
Ханға сəлем бермейтін ақыныңмын,
Сен тұрғанда қасымда, кім басынсын.
Сен тұрғанда демеймін қайда бағым,
Тебіренсем теңізге айналамын.
Өз үйімде Абайша қалам ұстап,
Əл-Фараби секілді ойланамын.
О, өлеңім!
Ат басын мыңға бұрар,
Жазылмаған жаныңда сын дағы бар.
Əлі талай алысқа апарарсың,
Алпинистей ақынмын шыңға құмар.





Пікір жазу