01.06.2022
  219


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Құрдаспен әңгіме

Сағынған дос армысың көптен бергі,
Ажарыңмен төрлетші өткендегі.
Алдыменен алайық құшақтасып,
Өзіңменен ілесіп көктем келді.
Ал, балалар, үйіңе «əкең» келді,
Сырмақ жайып, жастық қой, мəпеле енді.
Шешең қайда?
Иə, иə, көрші үйде ме?
Шақырыңдар, қыдырыс жетер енді.
Ауыл-аймақ аман ба, бала-шағаң?!
Алатаудай ауылдың панасы анаң.
Кезіккеннен жатамыз сұрастырып,
Риза екен туған ел, дала саған.
Ал, тұра тұр, келеді замандасың,
Сүле-сапа ғана сен амандасқын.
Жылар ма екен көрейік, күлер ме екен,
Түсер ме екен есіне «бала қашқын».
Күндер қайда, дариғай, бір жүретін,
Түндер қайда аңдитын қыр күзетін.
Ағалардың аттарын ұрлап мініп,
Көрші ауылдың иттерін үргізетін.
Суы қандай ол кездің, оты қандай,
Бізді тергер шалдардың «соты» қандай.
Қыз үйінің қымызын ұяла іштік,
Ұрын келіп қайынға отырғандай.
Қыраны да ол кездің, қарғасы да,
Жүйрігі де, шабаны, жорғасы да
Болушы еді, ортасы толушы еді,
Қас қылмайтын жолдасы жолдасына.
Қайда барсаң береке-бірлік еді,
Жаңа көктем секілді ед тірлік демі.
Қайда шіркін, сондағы табиғилық,
Сол күндердің қадірін білдік енді.
Етене еді адам мен құстары да,
Қанамайтын аңының пұшпағы да.
Қыз мінезді еді ғой жаздары да,
Жігіт мінезді еді ғой қыстары да.
Өлең оқы дейсің-ау, қайдағы жыр,
Ақ көңілдің бұл күнде қаймағы кір.
Жақсылықтың жүйрігі топтан қалып,
Жамандықтың тайы озып, бəйге алып жүр.
Өр емеспін, ешкімнен кем емеспін,
Жай тірлікте талаймен ерегестім.
Шындығыңды жалғаның желкелесе,
Жалғанменен келмей ме төбелескің.
Содан «кеміп» қадірің, қымбатың да,
Кейде жалғыз қаласың шың басында.
Кеткің келер өзіңмен өзің болып,
Қозы жайған баяғы қырға тура.
Құрдасым-ай, қалдың ба зерігіп тым,
Сені аңсадым қанша жыл сені күттім.
Бір сілкініп қалдым-ау, ақтарылып,
Нені айттым, тағы да нені ұмыттым.
Жақсы-ақ болды келгенің, барымды көр,
Балаларды жіберші танып жүрер.
Ет піскенше мына бір жартылықтан,
Алып жібер тағы бір, алып жібер.





Пікір жазу