Бойтұмар
Бойжетіп қалған шағың тұмарлы қыз,
Ауылыңа тағы келдім тұманды күз.
Айтыстық отырып ап оңашада,
Біле алмай тұмардағы дұғаны біз.
Дедің сен (адамдардай білері көп),
– Тиіспе маған тұмарым киелі, – деп.
Мен отырдым өзіңді ықтай-жалдап,
– Жаным-ау, зəбірім жоқ, сүйемін, – деп.
Бойжетіп қалған шағың тұмарлы қыз,
Ауылыңа тағы келдім тұманды күз.
Қасиетті дұға алдында құшақтасқан,
Не деген ұялмайтын күнəліміз.
Мен жүрдім ауылыңа еркін келіп,
Жұқтырдың жүрегіңнің дертін бөліп.
Əдеп пенен ибадан аттамайтын,
Даттамайтын күндер-ай, сертің берік.
Бір-бірімізді əу бастан сынаса ұғып,
Той жасауға кетпедік тым асығып.
Кейін білдім киелі бойтұмарың,
Өзіңмен бірге кепті ұзатылып.
Екі жарты қосылып біреу болып,
Шайқалған шаңыраққа тіреу болдық.
Содан бері келеміз сапар шегіп,
Таржол, тайғақ кешуде сүйеу болып.
Бұл сапарда болды ма аз көргеніміз?
Тұмарлы қыз айтшы өзің, көргенді қыз.
Қара қосты сүйретіп əзер жеттік,
Жолда қалды жете алмай өлгеніміз.
Неде болса бəріне құмар қанды,
«Көне дəстүр» – деп байлық
жұмарланды.
Екеуіміздің сонда да ортамызда,
Жасырынып баяғы тұмар қалды.
Мұра дейтін не қалды о, заманнан,
(Осы ғана біздегі жоғалмаған).
Айналайын ақ тұмар – ақ махаббат,
Көріне бер аққу боп ақ арнадан.
Қайта тігіп жұртына ордамызды,
Қайта міндік жүйрік пен жорғамызды.
Сиынамыз күніне мың мəртебе,
Қасиетті бойтұмар, қолда бізді.