01.06.2022
110
Ақыныңмын жалаң төс
Бір тасада ұлтымды,
Даттамадым, азбадым.
Жұтасам да жұртымды,
Мақтағаннан жазбадым.
Ұлтымның салт-санасын,
Қызғышы боп қорыдым.
Жұртымның қарт ағашын,
Бабаларға жорыдым.
Ардақталмай алтының,
Заманында тəсірдің.
Қазынасын халқымның,
Жүрегіме жасырдым.
Жырдың тартып жебесін,
Сардары боп орданың.
Қара өлеңнің кемесін,
Қарақшыдан қорғадым.
Жақсы күнге бусанып,
Уақыт айтқанша уəжін.
Төбем талай қашалып,
Азуларда туралдым.
Жүрсем де алтын түкіріп,
Болсын қайдан тер төкпей.
Бүгініме шүкірлік,
Ертеңім бар ертектей.
Ой-пікірі суалған,
Көрсете алмас маған сес.
Тұлпар мініп, ту алған,
Ақыныңмын жалаң төс.