01.06.2022
126
Аққулар қайтқанда
Аққулар Қыз Жібектің құсы емес пе,
Баянның түнде көрген түсі емес пе.
Аққулар, ақ байпағың беріп кет деп,
Жүгірген бала кезім түседі еске.
Топ аққу кейбіреуі қайтқан сыңар,
Қимастық көңіл күйін айтқан шығар.
Дөңде атам оларға ұзақ қарап тұрды,
Қолында қамшы өретін таспасы бар.
Дөңде атам оларға ұзақ қарап тұрды,
Қадалған аспандағы санап туды...
Бəлкім ол, аққу сынды тағдырының,
Қызығын да ойлады аз-ақ күнгі.
Жүгірген байпақ сұрап жалаң аяқ,
Қанша аққу қарады екен маған аяп.
Бала қиял солармен бірге кетті,
Ауылдың дыр-дуына қарамай-ақ.
Тізбегін аққулардың тағы көріп,
Қуандым, сиресе де, сабы берік.
Қасымда гагалап немерем жүр,
Баяғы көне жұртқа барып едік.