01.06.2022
  147


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Көш

Көншімейтін көңілі төске бармай,
Қаздай болып тізіліп көшкен қандай.
«Көш байсалды болсын» деп тау, өзендер,
Дөңгеленген дүние-ай, көштен қалмай.
Ана сүтін арқалап, ата арманын,
Терегіндей теңселем қарт орманның.
Білемісің, атан қомы, ат жалында,
Қауырсыным көшпенен қатайғанын.
Жаз жайлау мен қыс қыстау аралығын,
Бабалардай қорғады, баға алды кім?!
Шынымды айтсам көшпенді көшкен жұртқа,
Хан сарайлар жетпейді тазалығың.
«Қара таудың басынан көш келеді»,
Қаранар ғып көрсетіп өскен елді.
Ақ жаңбырмен əз дала шашу шашып,
Жұпар кіндік соқтырып ескен желді.
Шалғын төсеп жер-ана ат көзінен,
Шапағат нұры жауады ақ боз үйден.
Қазақ көші əлемдік көргізбеге,
Баражатқан секілді лек-легімен.
Таңы атқан талдырып, кеші күліп,
Қоңыр жонда барады көші жылжып.
Ауған жүкті аударып, ару басып,
Ат үстінен келін жүр бесік іліп.
Дала деген тіршілік тыныш жатпайды,
Аңы жортып, төбеңде құс қаптайды.
Көшбасының қолындағы ақиығы,
Томағаны сыпыр деп пыштақтайды.
Көңілде күй, көмейде дала əні бар,
Көшпен қалған аққаптал, ақайылдар.
Қаланы да жастанып қарық болмадық,
Көкіректі ыс қарыды, табанды ызғар.
Қанша жақсы дегенмен отырықты ел,
Табиғилық жоқ онда көз тігіп көр.
Жасандылық жайлаған жалқы ортадан,
Тауға қарап ұлиды бөлтіріктер.
Аман болсын халқымның жосын-жолы,
Бір салтымның жоғалса тола ма орны.
Қоңыр елдің қоңыраулы қоңыр көші,
Тарихтың секілді көші-қоны.





Пікір жазу