01.06.2022
  124


Автор: Азамат Тасқараұлы

Көзі ашық ұйқы сыйлап өткір өлең...

Көзі ашық ұйқы сыйлап өткір өлең,
Күндерім осы ма, ойбай, көп тілеген.
Бұл қайғы – менің сәтсіз қуанышым,
Жүректі аямастан тепкілеген.
Сал да өтер, салғырт та өтер,
салмақты өтер,
Харекет қылған дұрыс тамбаққа тер.
Адамда дос болмайды, қас болмаса,
Дүние, ол да түбі алдап кетер.
Астыңда айналады жер-қабірің,
Өмірдің сезу қиын ерте әмірін.
Өкінткен екі күннің арасында
Көзіме бір түйір жас бер, Тәңірім!
Болғанда Сөз – Садағым, Жырым –
Батыр,
Мендегі үміт –нәзік, мұңым – батыл.
Қарайған көңілімнің түкпірінде
Өз тілім, ақиқатым, дінім жатыр.
Өткенім қыңсылайды – күшікке тең,
Соры көп дүрмек жолға түсіп пе екем?
Бар уын жиып алған, уа, Тағдырым,
Мен кетсем, соның бәрін ішіп кетем.





Пікір жазу