01.06.2022
  122


Автор: Азамат Тасқараұлы

Сағыныш

Сағынамын...
Нені сағынамын осы мен?
Кімді сағынамын?
Таңға жиналамын, содан соң
түнге шағыламын.
Гүлді сағынамын ба –
Ерініме алқоңыр таңдайын тигізген?
Ымыртты сағынамын ба –
Шайтанға салқын маңдайын
сүйгізген?
Жұмыр басымды сүйрелеп қайта
тууды сағынамын ба,
Жоқ, әлде,
«Мама!..» деп, еркелеп күлуді
сағынамын ба?..
Әй, әй, еркем...
Жылауды сағынамын-ау осы мен:
Үкінің киесін тамызамын сонда әрбір
ғашықтың есіне.
Олар ұғады сонда:
Қайғы терең болғанда, Құдай жақын
болатынын,
Жан нұрлы болғанда, Бақыт өзі
қонатынын...
Олар ұғар еді сонда:
Құлақсыз естуді, көзсіз көруді,
Дінге сенуді, яғни, өзіне сенуді!..
Әділдік болмайтынын – әділетсіздік
болмаса,
Арман алдайтынын – сенуші дұрыс
боламаса.
Сағынамын...
Кімді сағынамын?
Жалпы, сағынып не етемін?
Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ,
бөтен үн...
Тордағы құс ұшарын ұмытады ғой,
Адамдар да әсте ойламайды екен
кетерін.
Әпкемді сағынамын-ау, сол ғана
түсінеді,
Биік әніне тартатын құсым еді...
Нені сағынамын осы мен?
Жазуды сағынамын-ау:
Аз сөйлеуді үйрендім, салмақ
салмаймын өңешке...
Маңдайым тиеді солай азуға.
Ой, барлық ақын бір-ақ кітапты
жазуда емес пе?
Ой, барлық ақын бір ғана
көрді қазуда...
Сағынамын...
Басқа амалым бар ма ендігі?
(Бұзушылық сарыным жаны тазаға
бола алмайды үлгілі).
Бір ортаға сыймай жүрген
қайран басым,
Бір табытқа сыймайтының белгілі.
Кімді сағынамын осы мен?
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын!
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын –
балалығымды сағынамын,
Жапырақ иісінен тарқатылған қара
бұрымды сағынамын...
Сезімді сағынамын,
Арзан сүйістің дәмінен
тоналып болғам...
Ең бастысы, Өзімді сағынамын,
Қара түнге шыққан да,
жоғалып қалған...





Пікір жазу