01.06.2022
  136


Автор: Азамат Тасқараұлы

Мінез

Құла көрдім, кер көрдім,
Босаға мен төр көрдім.
Тірсегінен су кешкен,
Умасынан ну кешкен,
Пырағының сағағын
оң қолымен сипаған,
Бетбейнелі дулығасы келіскен,
Зере сауыт, кіреукесі күмістен,
Құлан-құланиекте,
Құла қызыл жиекте – таудан да
түскен Ер көрдім.
Баспа айылы бұғы мүйіз оюдан,
Құр айылы қыңыр мүйіз оюдан,
Қызыл оттың түсіндей ер еді бұл,
ысқырын,
Күзем жүннен терлігі,
Жабағы жүннен көпшігі,
Тебінгісіне ұлтандық жараған,
Таралғысына да өрнек басқан
құсмұрын.
Қас қанжығасынан қасқырдың
бауыздар қаны сорғалап,
Бес қаруын сайлаған,
Көпшігінен тері иісі аңқып,
Сарбауыр қамшысы аракідік ойнаған...
Осым-осым-осыма,
Қошқар Атасы бақ дарытқан
баданадай басына,
Көк түбіті құйқа үстінде
ұлы-ұлы шаңқылдап,
Ермен жусан лебінен уытты
ашуы салқындап,
Қыл жүгенді жібере сап келеді Ер.
Оның сұлу пырағы-ай,
Ауыздығы құрыштан,
Шығыршығы болаттан,
Сағалдырығы қайыстан,
Өресінің өзінен тұяқ-тұяқ жай ұшқан.
Жай ұшқанда айналасын шоқ қылған,
Бозда жүрген қукесектің бәрін
жоқ қылған.
Шаңыраққа қарап есінемеген,
Керегеге қарап керілмеген Ер.
Жаман түс көрсе «сол иығымнан»,
Жақсы түс көрсе «оң иығымнан»
шықсын деген Ер.
Төбел бие сойдырып төменге елді,
Жорға бие сойдырып жоғарғы елді,
Ала бие сойдырып аймақ елді
жинаған Ер.
Қасарысқан дұшпанын қатын қылып
қыңсылатып қинаған Ер.
Күнге сәлем берген Ер,
Айға бата қылған Ер.
Жақыны өлсе арғы күнде қойған,
Қойғанда денесінен моладан
үш айналдыра қойған Ер.
Сулығымен маңдайдың суын сүртіп,
Сол қолына қыл шылбырын алған Ер,
Атқа ноқта салса да,
Махаббатпен салған Ер.
Күзтабанды жапырып,
Қияқ елеңді опырып,
Таудан түсіп келеді Ер.
Таудан түсіп келеді Ер,
Өзі – сауға, өзінікі – сыралғы,
Мен танысам, қазақ осы, сене гөр!..





Пікір жазу