01.06.2022
  103


Автор: Азамат Тасқараұлы

Түн екеуміз қалдық, білем, ұшынып...

Түн екеуміз қалдық, білем, ұшынып,
Жоқ қараймын, көзім асты ісініп.
Бейбақ жұлдыз көшеді кеп көкшілтім,
өткенді еске түсіріп.
Қайта оралғым келгені ме өткенге,
Өткен күннен өткен бақыт жоқ менде.
Жүрегімді жұлып берсем көктемге,
Көктем маған найзағайын төккенде.
Ақындардың көретіні күз бе, әлде,
Ақындардың кешетіні мұз ба, әлде?!
Тағдыр бізді сүйсе деп ек маңдайға,
Тағдыр мұңлы тарта берді бізді әнге.
Қарсы алдымнан шыққан кезде
кекеп түн,
Ақ қанжардың жүзінен де көп өттім.
Әлі талай көреріміз бар, тегі,
Арасында өмір-өлім екі оттың.
Мендік үн де емес, білем, ақырғы үн,
Қайран басты ұрдым, жұлдым,
батырдым.
Қалпағымды қисайта сап бір шетке,
Нағыз ақын құсап келе жатырмын.
Беу, жиырмам, таңғы шалғын
тектес ең,
Жерге де өсем, көрге де өсем,
көкке өсем.
Мен, әйтеуір, күліп жүріп шоқ басам,
Мен, әйтеуір, ойнап жүріп от кешем.
Жалған деген кіріп-шығар бір есік,
Қарсы беттен тұрады ылғи мұң есіп.
Кетем өзім шаршағанда бәрінен,
Көңілі жарым Күз-Досыма ілесіп.





Пікір жазу