01.06.2022
  168


Автор: Азамат Тасқараұлы

Тыңдаушы

Ақ Ертісім,
Менің жалғыз тыңдаушым,
Қатар жұтқан бейбақ едік түн даусын.
Өлең мені тұншықтырып барады,
Ер адамға, білем, мұңын бұлдау сын.
Бұл қазаққа мал болса егер, бәрі есен,
Толық адам туралы айтшы, кәне, сен.
Өмір дағы дәл өзіңнен аумаған
Жалғыз ғана жағалауы бар өзен.
Дінге салса, сенім – артта,
Құдай – шын,
Иіріліп жатыр жерде талай сұм.
Кімді күтіп жүрмін сонда мен осы?
Не туралы ойлап өзің жылайсың?!
Қоғам да сол, екі-ақ түрлі: бай да құл,
Өлген адам беті құсап Ай жатыр.
Қос қанатты сөз қадірін арқалап
Жүрген басым тыным табар
қайда ақыр?
Ақ Ертісім,
Көңіл – улы ерітінді-ақ,
Сауда, меншік бітірді ғой еркімді ап.
Кетер едім тырналарға ілесіп,
Тебінгісі тер сасыған ел қымбат.
Істің мәні жатыр десек өреде,
Ертеңгі ұрпақ ішкі сырын көре ме?!.
Сен қаласың түбі кеуіп-тартылып,
Шаң боп түбі мен қаламын сөреде.
Сәл түнерсем жұлдыз ағып төбемнен,
Екеуміз де сол жұлдыздай өлермен.
Әділ болса, бағамызды кемітпес,
Уақыт деген төрешіге сенем мен.





Пікір жазу