01.06.2022
  111


Автор: Азамат Тасқараұлы

Бұл өмір ойынның бір түрі дегенмін...

Бұл өмір ойынның бір түрі дегенмін,
Кейіпкер ішінде ойыншық-денемнің.
Уақыт – жеңімпаз, соңыңа жеткізер,
Басыңнан бұлттарды, заманды
өткізер.
Жабығып отырмын. Жарымжан
күйдемін.
Аз ғашық болғанмын. Тым қатты
сүйгенмін.
Ойлаушы ем өзеннің көпір деп
құрамы,
Көпірден өте алмай көп үміт құлады.
Есінеп Уақыт тұр, мұңайған тәрізді,
Мұңайтып тұр ма әлде мені мен
тамызды?..
Жабығып отырмын. Түн сөйлеп
санамда...
Бақытты болғанмын. Тағы да
болам ба?
Аспанның үрейі жерде деп
жазғанмын,
Он екі жасымда алғаш көр қазғанмын.
Айнаға қарасаң, Уақытты көресің,
Ол сенің өткенің, өтерің, елесің.
Жабығып отырмын. Өзімді аядым.
Сақылдап күлемін. Түкіріп қоямын.
Қадірлі замандас, ойымды ұғарсың,
Сен бірақ... ойыншықтың бағасы
шығарсың?
Асылып өлуден сақтайтын шығар деп,
Ойымды сыйладым, өтпе оған
құмар боп.
Жабығып отырмын. Жалғыздық
кем емес
Ауадан, аспаннан. Бәрі де – ерегес!





Пікір жазу