01.06.2022
  172


Автор: Азамат Тасқараұлы

Кешеу жапырақ...

Кешеу жапырақ,
Қаума-қаума жатқан мен де дестеймін,
Сағым бойын жүр ғой дейсің
кешпей кім?
Бій өзені жел көбіктеп...
Жел тербеп,
Күреңотын бие бауы төскейдің.
Сағым жайлы...
Айтарымыз көп, тегі,
Ай басынан көк айыл мұң кетпеді.
Кешеу жапырақ, жанарыңда
бір тамшы,
Жалғыз тамшы, әй,
кеппеді-ау, кеппеді.
Кеппегені дұрыс бәлкім,
Кім білген,
Кірекештің күнін кешіп жүрмін мен.
Қайыз біткен қаба ағаштың қолынан,
Құрдастарың кетіп жатыр бір-бірден.
Бій өзені,
Сол айтады бір айтса,
Бітік-бітік жыр айтса,
Бебеулетіп сыр айтса...
«Өмір деген ең қайғылы той!» дейді ол,
Рас деймін, жиі-жиі мұңайтса.
Толқынымды теңіз ғып,
Ат тобығы жүрегімді қобыз ғып,
Мына жолға түсер кезде бойымда
Үміт көп ед...
Соның бәрін неге үздік,
Кешеу жапырақ?!.
«Мұнар-мұнар, табанында сарша құм,
Сарша құмнан су дәметіп шаршадым...»
Тағдыр деген осы деп ем...
Күн батты,
Оның түсі – жанғанындай аршаның.
Енді бізге түн салады дыр қамшы,
Төскей басқан күреңотым, ырғалшы!
Кешеу жапырақ, кеппесінші, кеппесін,
Бір тамшы су,
Бір тамшы өмір,
Бір тамшы...





Пікір жазу