01.06.2022
119
Жастық
Кім ұқсын мынау күйімді,
Күйікті жинап жүдедім.
Ескі іннің аузы – үйінді,
Үйінді – менің жүрегім.
Келте де сонар келер күн,
Кермеден ерте босатқан.
Ұзақ та сонар өтер күн,
Ол күндер – көзден жас аққан.
Күтейін енді нұр кімнен,
Мұңды шақ осы,
Қанды шақ.
Өмірге қарап тұрмын мен
Хат танымаған жан құсап.
Шөңгесі шіріп табанның,
Солқылдатқанын айтсам ба?
Қара Ертіс деген бабамның
Басына түнеп қайтсам ба?!
Сұрықсыз күзді таспалап,
Салынба, жаным, шерге құр.
Өмір мен Өлең – қос қанат,
Қондырмай қойды-ау жерге бір.
Бүк пенен шігін бағамдай,
Байыз таппауға асықтым.
Бетімнен сүйген борандай
Бұрқасын шаққа ғашықпын.
Не күтер бізді ендігі,
Ентігіп, бәлкім, өтемін?
...Бір өкпем бары белгілі,
Білмеймін кімге екенін.