01.06.2022
  137


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жетім терек, ақ қайың және жел туралы мысал

Бұл теректің қайғысы ұзын,
жыры көп,
тұрған кейпі көп жалғыздың бірі боп.
Ақ қайыңға құлай ғашық себебі,
ал қайыңның қарайтұғын түрі жоқ.
Жетім терек,
серік еткен түн, айды,
күрсінеді, тынады іштен, шыдайды.
Кірпігінен жапырақтар үзіліп,
Қара Ертіске баяу ғана құлайды.
«Сүйемін ғой,
сүйемін ғой, шынымен» –
жұлдызды өлең тарқатылып тілінен,
өксіп-өксіп алады да,
ыңылдап
Қайың жайлы ән айтады түнімен.
Қайың болса,
ғашығы бар Жел деген,
Желден басқа әзиз жанды көрмеген.
Құшақтасып тұрады ылғи екеуі,
қос ғашықты нәзік жаңбыр тербеген.
Ашулы жел,
қоңыр даусы бөлек тым,
махаббатын сезсе керек теректің,
тамырымен жұлып алды бір күні,
Желге қарсы жетімекте жоқ екпін.
Жетім терек деген еді «бүр ашам»,
одан енді сезім жайлы тумас ән.
Бұған, жаным, Ертіс қана куәгер,
өзі-ақ айтып береді ғой сұрасаң.
Жалғыздыққа кім шыдайды, төзеді,
түнге қарап тауысамын көзені.
...Ертіс деген, әуел бастан, білсеңіз,
қосылмаған тағдырлардың өзені.





Пікір жазу