01.06.2022
  125


Автор: Азамат Тасқараұлы

Бұл қай кезең?

Бұл қай кезең?
Өтем десем өткел көп,
Адасамын «Күз қайда?» деп...
Көктем жоқ.
Көзім жұмсам Ертісімді көремін,
Толқынымен қол бұлғайды
«кел, кел!» деп.
Бұл қай кезең?
Қышқыл, шикі, тәп-тәтті,
Адасамын айыра алмай бақ-тақты.
Солқ-солқ етіп жылайды Ертіс
түнімен,
Жібітпекші жүрегімді қап-қатты.
Жалған жалған екені шын?
Жоқ шындық!
Адасамын жанарымнан шоқ сырғып.
Жалын кешіп, сағым кешіп келемін,
Көкірегіме қамалғасын көп сұмдық.
Өмірді ерте, өлеңді ерте білдім бе,
Дүниенің түсі ұқсайды күлгінге.
Келмей отыр тірі жанмен сөйлескім,
Сөйлескісі келмей отыр түннің де.
Жолдар ғана тұман толы, толы қар,
Жол сілтеуге кім бар екен жолығар?
Көзім жұмам...
Менің ғазиз Ертісім,
Жалғыз ұлын бір ұқса егер сол ұғар.





Пікір жазу