01.06.2022
  97


Автор: Азамат Тасқараұлы

Бір күнге жетіп бір күннен...

Бір күнге жетіп бір күннен,
Киелі деген Сөзге ергем.
Өзімді жинап жүрмін мен
Түстерден, күннен, көздерден...
Апаннан апан мекендеп,
Жондардан жонға сенделдім.
Өзімнің қызым екен деп,
Бұрымын өрдім шеңгелдің.
Гүлдерді көрдім қаулаған,
Көктем де көрдім,
Жаз көрдім.
Көңілімнен менің аумаған
Ертісті көріп, мәз болдым.
Арымды көріп Алтайдан,
Қарайып қалдым нүкте боп.
Көршімді көріп марқайған,
Еншімді көрдім,
Түк те жоқ!
Бұйығып, боздап, күлемін,
Байыппен қарап бақтарға –
Кінәмшіл менің жүрегім,
Түн болып келе жатқанда.
Сөз таймау үшін көшімнен,
Сол түнмен дос боп қалдым ба?
...Бір жолға түскем сосын мен,
Өмірді киіп алдым да.





Пікір жазу