01.06.2022
  119


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жағалау

1
Құмшауыт жел – көмекейі қызарып
қурай соқса,
келгені ғой күз, анық.
Күз сөйлеткен жағалауда өскен ем,
Жағалаудан бірте-бірте ұзадық.
Жағалауым – бозбас күнім, бастауым,
Ақсұр айдың және айтайын
шашбауын.
От жаққан түн,
Саған ауғыш көңілім –
Қара аршадан жонып алған астауым.
От жаққан түн,
Сезімге серт берген түн,
Отшашуын жұлдыздардың көрген түн.
Андыздаған жас тізгінін босатып,
Қу тірлікті құлай сүю енді еркім.
Толқын атса бұйра сағым ақкөбік,
Кетер ме еді кетік жанды бақ көміп.
Дымқыл қабір секілді бір суықтық
Жүрегімді жатыр қазір қақ бөліп.
...Түнгі қала.
Көз тартады мұнар көк,
Мұнар көкке қараймын да құмар боп:
Жағал күз бен Жағалауды еске алам,
Мен жаққан от әлі өшпеген шығар деп.
2
Күндер-ай, сені мендей кешті кімдер,
Күндер-ай, емессіндер есті күндер.
Қарасұр жаңбыр жақты мекен еткен,
Ең мұңлы әуендерім, естіліңдер.
Ең мұңлы өлеңдерім, ақтарылғай,
Жөтелген жөргем қыстың
ақпанындай.
Өкінткен өмір жайлы сыр айт, жүрек,
Өткенге қол бұлғаған шақтарымдай.
Қара түн, шашырасын сенен де мұң,
Қаралы шақтың әлі көрем көбін.
Балалық деген жасыл жағалаудан
Алыстап бара жатыр кемем менің.
Кемемнің желкені жоқ, ескегі бар,
Ескекті ұстағанға көшпек ұнар.
Гөк көңіл алабөтен күрсінеді,
Ол да бір алабажақ кешке құмар.
Қос ескек...
Бірі – өмірім, бірі – өлеңім,
Ағарған таңым және түнемелім.
Алыста-а-а көрінбейтін жағалау бар,
Соған кеп ертелі-кеш тірелемін.





Пікір жазу