01.06.2022
  122


Автор: Азамат Тасқараұлы

Алдай, алдай, ақ дүние...

Алдай, алдай, ақ дүние...
Жел тебініп қарсы алдан,
Тізбек таулар кешқұрым шанақ қасып,
ән салған.
Қаражасыл күрсінген бұлттар ұшса
қаз-қаздап,
Қарабайыр сыр төгіп отырасың
жазға аздап.
Угай-угай түзде өскен қаба жалдың
бірі едім,
Сақпан-күнім сақ етсе –
Сөйлейді ылғи жүрегім!
Сөйлейді ылғи жүрегім – қыл суырып
тұманнан,
Түсініксіз бұл күйден тұтам-тұтам
ұғам мән.
Келе күндер кереғар,
Сенен қалған жүрек бұл.
Сере, сере, сере қар,
Сенен қалған жүрек бұл.
Отау оттың орыны,
Ойыл көздің жасы бұл.
Оқ жаңбырдың сөзі бұл,
Орақ тілдің өзі бұл!
Ор жыландай шаққанда елес, елес...
Елес-күн
ит тісімді қаққанда, жүрегіммен
кеңестім.
Қағаз шайнап, сия ішкен қанша,
қанша, таң қанша,
Қызарақтап жүректің үміт-оты
жанғанша?!.
Жұлдыз құрап, жын мініп, желмен
бірге көріп түс,
Қанша жанмен жүректің уыс нұрын
бөліппіз?
Бұл жүректе ақпан бар, қараша бар,
тамыз бар,
Шайып өткен кемерін толқын-толқын
аңыздар.
Қайран менің жүрегім, ғашық болған
бұрын бір,
Содан бері (неліктен?) күңгірт, суық,
бұлыңғыр.
Қар жауғанда туған ем, қар жауғанда
өлем-ау,
Қар ұлдарын ұғуға қандай жүрек
керек-ау?
Мұз кемірген жүрегім,
Борап-борап сөйлегей.
Айналаңа, жүрегім,
Қарап-қарап сөйлегей.
Сен де – Жүрек соққан бір, мен де –
Жүрек, дұрысы,
Өмір деген – қу шұнақ Құдекемнің
бір ісі.
Өмір деген – жездемнің сарыбауыр
қамшысы,
Өмір деген – жаңбырдың жалғыз,
жетім тамшысы.
Өмір деген, көп болса, көшіп өткен
құмдай бір,
Өмір деген – Жүрегің,
Жүрегіңді тыңдай біл!





Пікір жазу