01.06.2022
  135


Автор: Азамат Тасқараұлы

Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың...

Көз жасы да құрғап бітіп тамыздың,
Боқырау кеп,
Бозға оранса абыз-құм.
Бір елесін аңдап-бағып жүрем мен
Бұлт ішінен баяу түскен Қобыздың.
Ол да, Мен де – көп бейбақтың біріміз,
Һәм тоғысқан бір арнада үніміз.
Алдымызда Өмір жатыр,
Өңіне
Алма-кезек тамшылайды мұңымыз.
Қоңыр-қоңыр қасіретін созғасын,
Қазға айналып кетсем деймін өз басым.
Дөң үстінен қарайды да жылайды ол,
Сіз Қобыздың көрмегенсіз көз жасын.
Қыршын күнін сағынған ба кешегі,
Қыр мінез жел Қалба жақтан еседі.
Оның жасы үлкен емес әсте де,
Оның шашы ерте ағарған деседі.
Себез тартқан сенімге есік ашты кім,
Сонымен бір жетпеп еді достығым.
Маған қарап еске алғанын қайтейін
Жоққа тойған жетімдігін, жастығын?..
Қоңыр-қоңыр қайдан келген
бұл қайғы,
Басқа ешкімге көрсетпе, Өмір,
мұндайды.
...Боқырау кеп,
Бозға оранса кәрі Алтай,
Біздің ауыл Қобыз зарын тыңдайды.





Пікір жазу