Гүл туралы сөз
Майқара жусан емес-тін,
Өзегін берген ақ қарға.
Сағағы төре көк өскін
Бар дейді біздің жақтарда.
Әңгіме, обыр-тобырды
Бастайтын солай ағамыз.
Алқызыл сирақ тобылғы
Суырған онда баламыз.
Құлазып жайдақ бөлме іші,
Кіреуке тұтқан көз алдым.
Баланың бар-ау сенгісі
Сырына ғажап ғазалдың.
Жапырағы жауһар гүл жайлы
Естіп бір жаным кешеді от.
Түз селеу қолын ырғайды,
Алдымды менің кеселеп.
Кетеді солай ой-құзғын,
Ордадан орда өткендей.
О дүниеден байғыздың
Талықсып даусы жеткендей.
Жапырағы жауһар сол гүлді
Көрсем бір көңіл болар шат.
Өкпек жел бірақ тоңдырды,
Келді де кешкі зауал шақ.
Ауылдың асыл тірлігі-ай,
Жалында ғана жылқының.
Жапырағы жауһар құрғыр-ай,
Жамалмас және жыртығым.
Қора мен қидың арасы,
Күрек пе керек, гүлің бе?
Маужырап айдың жаңасы,
Ұйықтамаспын-ау бүгін де.
«Ақмаңдай, қозым, қошақан,
Табам мен іздеп сол гүлді!
Мініп ап саған, қашаған,
Барам мен іздеп сол гүлді!..»
Жауһар түс көріп жүрген ем,
Қи тасып, қойға шөп тастап.
Қиядан қиял ілген ем,
Сол күндер дағы өтті асқақ.
Өкпек жел бекер тоңдырды,
Ұғындық бұдан нені біз?
...Жапырағы жауһар сол гүлді
Табамын түбі, сеніңіз!