01.06.2022
155
Белесте
Жүретін көп-ақ жол әлі,
Қаймыға көрме, қаймыға.
Бәрі де сенде болады,
Бақыт та, сор да, қайғы да.
Адыр да адыр, адыр тау,
Асуға жеңіл ер үшін.
Көңілің неге жабырқау?
Дүние деген – келісім!
Көктем де көктем, көктемнен
Күдері белді өттіріп,
Түстерің тұрар көп көрген,
Түтін мен түнді шектіріп.
Сағым да сағым, сағымды
Көшіріп жылдар дәптері.
Өртейді талай жаныңды
Сезімнің небір сәттері.
Жүретін көп-ақ жол әлі,
Барыңды сездір уақытқа.
Бәрі де сенде болады,
Қайғы да, сор да, бақыт та.
Гүл толып таудың етегі,
Лақтырар қилы шаққа ұдай.
...Бәрі де сосын кетеді
Кеудеңнен ұшқан аққудай.