01.06.2022
  155


Автор: Мақсат Әлсейітов

Үшбұрышты пирамида - мәңгілік ел

Құм астына көмілген Сақ шаһары,
Таң боп атар, күн болып батса-дағы.
Күн астына әмірін жүргізеді,
Киім киген алтыннан патшалары.
Қорқыт бабам тілдесіп құдіретпен,
Қаз дауысты қобызын күңіренткен.
Дауыл тұрып сазынан күн күркіреп,
Көктің жүзін найзағай тіліп өткен.
Домбыра – дала шанағы шашқан үн – зар,
Саусақ болып пернесін басса ғұндар,
Сол әуенге жыр болып жазылыпты,
Әл-Фараби, Ахмет Яссауилар.
Тербетілген Бесігім – Ұлы Далам
Жаннан қымбат Бесіктің құны маған
Күзетумен шілтендер келеді Оны
Шапан киіп үстіне шұғыладан.
Ақ Бесігім – Мәңгілік Мақтанышым,
Сатқан кезім болған жоқ тақ, тәж үшін,
Жылжып келген жанына жыланды да,
Өлтірместен аузына ақ тамыздым.
Ақ Бесігім – Иманым – жаннан қымбат,
Қанша ұрпағын аялап салған Ғұн, Сақ.
Сенер едің сөзіме, азаматым,
Сүйіп-сүйіп өртеніп жансаң бір сәт.
* * *
Арғы жағы басталған Тоныкөктен,
Бергі жағы – Керей мен Жәнібектен,
Тасқа тамған тамшыдай бабаларым,
Тасқа қашап тарихын жазып өткен.
Қанша құрдым кездесті жұтпақ болып,
Қанша ақтүтек қинады жұт тап келіп.
Құлқынына құрдымның найза атқылап,
Қонды Саған батырлық құт – бақ болып.
Еркіндігін еншілеп Сақ бабаның,
Сақтап жүрдің ешқашан тастамадың.
Қыран халқым күн астын түгел шолған,
Керей менен Жәнібек – қос жанарың.
Қабыл қылып Иеміз шын тілекті,
Қанша қуды төбемнен түн – түнекті.
Ғасыр сайын толғатып Ұлы Дала,
Ұл табумен келеді күн жүректі.
Ең әуелі мынау жер Һақтың жері,
Содан кейін бабамыз Сақтың жері.
Түспеді аттан Қасым мен Хақназарлар,
Түспесін деп бұл жерге жаттың көзі.
Желмаясы Асанның желше есіпті,
«Жерұйықты» іздеумен ел көшіпті.
«Сақтан қалған сарқыт» деп ақырында,
Жалпақ дала төсінде бел шешіпті.
Қарақұрттай көп қалмақ қаптап қалың,
Жан Бабаның болғанда шақпақ тәнін.
Жалаңтөс пен Жәңгірдің арқасында,
Баба Қазақ қалыпты сақтап жанын.
Ер Жалаңтөс баһадүр, Салқам Жәңгір,
Оққа тосқан кеудесін қалқан – тағдыр.
Жер бетінен жоғалып кетер едім,
Аман қалдым, әйтеуір, арқаңда бір.
Біреуі – күн, бірі – ай – тұман қашқан,
Бірі – қалқан болғанда, бірі – алдаспан.
Соққысынан қас жауым ес жия алмай,
Талып қалды сексен жыл тұра алмастан.
* * *
Қара түнек қаптады сар даламды,
Қаптап келіп жерімді қалмақ алды.
Қатыншалап қапыда қылыш сілтеп,
Ұлан дала денесін қанға малды.
Қазан ұрып, сұрланды шатынап көк,
Кісі тәні төгілді жапырақ боп
Қара қарға төбеме төніп келіп
Қарқылдады көзімді шоқымақ боп.
Дауыл соқты даламда сұрапыл боп
Аман қалу қалайда мұратым тек.
Қаңбақ болып домалап жөней бердім,
Желге қарсы тұратын қуатым жоқ.
Жылжып тажал жеткенде төніп боп түн,
Жұмыртқадай ақ үйден безіп кеттім.
Теңіз едім толқынды толып тасқан,
Суы қайтқан көлдейін кеміп кеттім.
Ұл атадан айрылды, қыз – анадан,
Жонарқамнан майырды ыза – заман.
Ұлан дала төсінде улап-шулап,
Жан қалмады жас төгіп жыламаған.
Қынадайын қырылды үштен – екім,
Өкініштен бармақты тістеледім.
Менің мүшкіл халімді тәңір аяп,
Үштен – бірім қайтадан тіктеді есін.
Түркістанды – көзімнің қарашыған,
Түнек қаптап – қаншама алас ұрдым?!
Сол түнекті нұр болып қуып шықты,
Ынтымағы қазақтың баласының.
* * *
Төле, Қазыбек, Әйтеке – құтым болды,
Лебіздері ұйытты бүкіл елді.
ПИРАМИДА тәрізді ҮШБҰРЫШТЫ,
Үшбұрыш боп үш жүзім бүтінделді.
ПИРАМИДА тәрізді жұмбақ тылсым.
ҮШБҰРЫШЫМ бәрінен қымбат тұрсын,
Қияс кетіп жолынан адасқандар,
ҮШБҰРЫШТЫ БЕЙНЕМНЕН
үлгі ап тұрсын.
Ақтың сызған Үшбұрыш Сызбасын тек,
Жат бояумен жат қолдар бұзбасын кеп.
Бұзбасын деп назардан тыс қалдырмай,
Жерге үздіксіз төгіп тұр шұғыласын көк.
Үшбұрышты ғажайып Сараймын мен,
Кірпішін тек періштелер қалай білген.
Сол Сарайдың ішінде Рухымның,
Мәңгі Биік тұрғанын қалаймын мен.
Көктен жерге жолданған Үшбұрыш Хат,
Көкті тілсін жасынға ұшқын ұқсап.
Нұрландырып жіберсін жердің бетін,
Нұр ту ұстап қолына күншығыс жақ.
Үш алаштың ұлынан айналайын,
Тең қарайын бәріне айнадайын.
Әбілқайыр, Абылай сабымды ұстап,
Жауды қудым үш қырлы найзадайын.
«Аңырақайда» жұмылдым жұдырықша,
Бабам салған – жұмылу – Ұлы Нұсқа.
Жұдырықтан қалмақтың зәресі ұшты,
Көрінсе де әуелі құбыжықша.
Жұтылмаспын жұмылсам құрдымдарға,
Көптігімен қорқытпас құзғын қарға.
Тас түйін боп қыранша сорғаласам,
Түк қыла алмас мың қарға бір сұңқарға.
«Аңырақайда» Бас болды Әбілқайыр,
Тұлпар қайта ерттелді, таңылды айыл.
Жасындайын жалтылдап жалт-жұлт етіп,
Жау зәресін ұшырды Жалындай Ұл!
Алауыздық, күншілдік – жауларым бұл,
Жолымды іркіп, жүгімді аударып жүр.
Бас-басына бөлініп төбе болмай,
Асқақтасын жиналып тауларым кіл!
Біріккенде бүп-бүтін тас-түйін боп,
Асқақтаймын – басқаға басты ию жоқ.
Дауылдардан есемді даулау үшін,
Дала кезіп жүйткимін жас құйын боп.
Абылайым – нұр шашқан Жарық Айым,
Бағытымнан қалайша жаңылайын!
Ақ туының астына жиып еді,
Бытыраған жұртымды тарыдайын.
Төле бидің түйесін Баққан Ұлдан,
Жігерімді тұтатар От табылған.
Жанартау боп намысым атылды да,
Аман қалдым аяққа тапталудан.
Ер Қабанбай мінді де Қубас атқа,
Болып өтті жығылмас ту қазаққа.
Толтыра алмай келеміз ердің орнын,
Толқынындай теңіздің туласақта.
Қарт Бөгенбай шүйлігіп жауға шапты-ай,
Қалың қолы жарқылдап жауған оқтай,
Қурап тұрған тоғайдай көп қалмаққа,
Бір бүйірден тиісті лаулап оттай.
Райымбек әулие – пәк бір адам,
Елге тілек тілеген, Һақ – Құдадан.
Шөлде қалып қылышын жерге ұрғанда,
Қара жерден ақбұлақ атқылаған.
Сол бұлақтан әскері шөл қандырып,
Қуат жиып,
дұшпанын салған қырып,
Ел күзетіп өтіпті Батыр Баба,
Кереметі ел-жұртын таң қалдырып.
Әруағыңнан айналдым Наурызбайым,
Әруағыңа марқа өлең бауыздайын.
Қаскелең мен Шамалған – қос алыпты,
Жұлып түстің алапат дауылдайын.
«Алашым» деп ер Баян еңіреп өткен,
Ел деп өткен Баяннан ер жоқ өткен,
Құлың болып өтейін өмір бойы,
Рухыңды жіберші жерге көктен.
Сүйіп-сүйіп өртеніп жанғанда Сен,
Отша лаулап,
Сыймадың жалғанға Сен,
Бұл өмірге бір рет келіп кетсең,
Құлың болып өлуге арланбас ем.
Жоқтап жүрмін ер Есет бабаны мен,
Таппаған соң тап келген заманына ем,
Күн жастанып,
Құбылаға жүзін бұрып,
Таптап өлген кәпірді табанымен.
Күркіретіп арасын аспан – жердің,
Ағыл-тегіл әуеден аққан селмін,
Ақ жаңбырға айналып еріп кетті,
Шемен болып жүрекке қатқан шер-мұң.
Әр тамшымнан жүз көктем бүршік жарар,
Жүз мың жүрек лүпілдеп дүрсіл қағар,
Ақ жаңбырдан арылып нұрын төксін,
Аспандайын ашылған мұңсыз жанар.
* * *
Көмегімен көктегі Рухтардың.
Шымырланып шыңдарша шыныққанмын.
Пирамида тәрізді Мәңгі өлмеске.
Үшбұрышты қалпымда тұрып қалдым.
Үшбұрышым – Тілім мен Ділім, Дінім,
Үшеуі тең болғанда ғұмырлымын.
Күнім, Айым, Жұлдызым тәрізді олар,
Бірдей төксін төбемнен нұрын бүгін.
Біреуі артық болмасын, біреуі кем,
Орын алсын теңдей боп жүрегімнен.
Пирамида тәрізді Үшбұрышты,
Сонда ғана Мәңгі өмір сүремін Мен.
Аман қалдым қаншама тұзақтардан,
Бір басымнан өткіздім сынақты алуан.
ҮШБҰРЫШТЫ БЕЙНЕМДІ дақ түсірмей,
Қорғаштаумен келемін Сызаттардан.
Бұл далаға қаншама тор құрылған,
Торды үзем деп қанша Ер болды құрбан.
Қорғап қалды Бейнемді басын беріп,
Батырларым басқаның Зорлығынан.
Оқ жаңбырдың астында туылғасын,
Шешпей өткен басынан дулығасын.
Білесің бе, бауырым, Бұл Далада,
Махамбеттер екі рет туылмасын.
Еңіреп өткен «Елім» деп ер Кененің,
Тәнін жеңді,
Рухын жеңбеді өлім.
Үшбұрышты Бейнемді сақтау үшін,
Басын берді, алайда бермеді елім.
Жанқожа еді батырдың әулиесі,
Һаққа босап, елжіреп жан жүйесі,
Тілеп еді: баласы үш Алаштың
Болса екен деп Даламның Мәңгі Иесі.
Еске түссе Ұзақтар, Жәмеңкелер,
Жанарым жас, жүрегім өлең төгер.
Неге менің ұлтымның боздақтары,
Дар алдында қозыдай көгенделер?!
Әлиханның тескенше тескенше кеудесін оқ,
Кетіп еді қазақты өрге сүйреп.
Жүз мың батпан жүк артсаң «мыңқ» етпейтін,
Жампоздар бар қазақта теңдесі жоқ.
* * *
ҮШБҰРЫШЫМ – Шекарам, Ұлтым, Жерім,
Үшеуінің басында тұр Күлтегін.
Шекарам – Құлып болғанда, Жерім – Қазынам,
Соларды ашар ал Ұлтым – Кілтім менің.
Жүрегіңе сақтап жүр Кілтіңді орап,
Кілт жоғалса болады мүлкің харап.
Кілтіңменен аш-дағы Көк Қақпасын,
Күнді құтқар,
Қоршаған бұлтын тарат!
* * *
Ұясына күн болып батса-дағы,
Таң боп атты қайтадан Сақ шаһары.
Қайта туған Күнімнен Нұр сіміріп,
ҮШБҰРЫШТЫ ӨЗ ҚАЛПЫМ сақталады.
Найзадайын шаншылған көкке карай,
Ұңғысынан қан емес, төккен арай –
ҮШБҰРЫШТЫ БЕЙНЕМЕ нұрын төккен,
Енді Оның ғұмыры тоқтамағай!





Пікір жазу