Әр адам галактика дара-дара...
Әр адам галактика дара-дара,
Миллион шақырым қашықтық бар арада.
Осынау қашықтықтан адам ұлы,
Бір-бірін толық тани ала ала ма?
Тани алмас,
Байқар тек сұлбаларын,
Бір-бірінің көре алмас шын жамалын,
Ең аяулы асылын танытқызбас,
Қара тұман тұмшалап кіл жанарын.
Көкіректегі титімдей күдік-күман,
Жібереді көз алдын қылып тұман.
Өмір бойы тұманда адасумен,
Шын бейнесін өзінің ұмытты адам.
Қалың тұман көрсетпес жан гауһарын,
Жемнен басқа түк көрмес қорқау-қарын.
Тозаң күнә,
Перде боп көз алдына,
Адасумен келеді аңғал қауым.
Сайқал күдік сыбырлар алдау үшін,
Сайтан кіріп сеніміне салды ауызын.
Таскерең жұрт,
Құлағы тас боп біткен,
Бір- бірінің есітпес жан дауысын.
Қара тұман тұмшалап көзін елдің,
Жетімдердің көрсетпес көзінен мұң.
Түпсіз терең тұңғиық адам жанын,
Қоршауға алып тұр ма, әлде, пері мен жын.
Осынау тұңғиықты-тереңдікті,
Табылмас сүңгіп барып көрер мықты.
Жағалаудан қайтып жүр шуылдасып,
Ешкім жасай алған жоқ ол ерлікті.