01.06.2022
  109


Автор: Мақсат Әлсейітов

Қаратерең

Қаратерең-қаракөз, Бөрші-қабақ,
Көзіңді сол мөлдірге көрші қадап.
Қара көзден тұр екен мұң төгіліп,
Қабақ емес, ол көзді шер тұр орап.
Күңіренеді шуласып толқын көшіп,
Жүбата алмай ақ самал алқынды есіп.
Иесінің қолынан сусып кеткен,
Көл түбінде бар дейді алтын бесік.
Көзіндей ғой мына көл құралайдың,
Көрген сайын жаныма мұң ораймын.
Қасқалдағын алысқа ұшып кеткен,
Есіне алып солқылдап жылар айдын.
Тағы келдім бұл көлдің жағасына,
Қазынам қалып барады нақ осында.
Көл астында қап кеткен қазынамның,
Баға жетпес әлемде бағасына.
Қазынам қалып барады көл түбінде,
Үмітімді қимаймын өлтіруге.
«Алтын-Бесік» қолыма қайтар ма екен,
Жағалауға шығарса жел түбінде.
Жағалаудан барады халқым көшіп,
Көл түбінде қап қойды «Алтын-Бесік».
Аманатын сақтаған тапсыра алмай,
Үрейлене қарайды толқын шошып.
Қаратерең-қара көз мөлдіреген,
Мұңын оның оқып толқын өлең.
Ай ғашық боп толқынның әуезіне,
Аққу құсап төсіне қонды ма екен?!
Қаратерең – қара көз тұнған арман,
Көз алмаймын жүзінен мұңға оранған.
Толқынына қараймын телмірумен,
Жүрегімнің асылын ұрлап алған.
Жетімдердің жиылған көз жасындай,
Мынау көлден,
Қойды ғой шер басылмай.
Шерді көріп жүректен осы өлеңім,
Тамып түсті құйылған қорғасындай.





Пікір жазу