01.06.2022
  137


Автор: Мақсат Әлсейітов

Күшік

Анасының айырып бауырынан,
Інім бірде әкелді үйге күшік.
Ал әжемнің ауырып жаны бұған,
Көп қиналды беймаза күйге түсіп.
Сорлы күшік түнімен қыңсылады,
Емшек іздеп жылаған баладай-ақ.
Түнімен әжем де тыншымады,
Ана-жүрек байғұсты барады аяп.
Дөңбекшумен өткізді сол бір түнді,
Күн де шықты көркімен түнді ысырған.
Үйге күшік әкелген озбыр ұлды,
Әжем жұлқып оятты ұйқысынан:
– Қайталама екінші бұл ісіңді,
Жауыздыққа үйренбе жас шағыңнан!
Тез киін де
Әкелген күшігіңді,
Анасына апарып таста жылдам!
Тез киініп, келместен сөзге бөтен,
Күшікті алып інім де кетті асыға.
Әділдіктің мерейі үстем екен,
Ақ әжелер отырған отбасында!
Тапты солай анасын сары күшік,
Әжем солай бұйрығын орындатты.
Содан кейін ертеңгі шәйін ішіп,
Жастығына бас қойып, дамыл тапты.
Жаңа ғасыр алдынан есік ашқан,
Өтінерім сендерден, Балдырғандар:
Қиянатқа үйреніп осы бастан,
Әжелерді ұйқысыз қалдырмаңдар!





Пікір жазу