Жауап бер
Сөзіме жауап бер жаным!?
Көңілім қалмасын десең,
Мәңгілік жан досым десең,
Ақ гүлін адал махаббатымның,
Солдырып алмасын десең,
Қарлығаш достығымыздың,
Қанаты талмасын десең,
Сөзіме жауап бер жаным!?
Қазаның асылмай қалсын,
Үтігің басылмай қалсын,
Кірлерім жуылмасын да,
Төсегім жиылмасын да,
Өзіңе титтей өкпем жоқ.
Ол үшін «бұйырмасынға»
Мен сенің өзіңмен бірге,
Сөзіңе ғашық болғанмын,
Сондықтан байсалдылықтың,
Ауылынан қашық қонғанмын,
Алдыңда бір ақтарылып,
Балаша шаттана қалсам.
Келгендей жырақта жүріп,
Аз ғана мақтана қалсам,
Сен үнсіз қаласың бірден,
Сол сәтте отыра кетем,
Палуандай шамасын білген.
Достығың осы ма жаным?!
Мен болсам асыл ананың,
Ұлының хатын күткендей,
Қызының бақытын күткендей,
Бәйгеден Ақан серінің,
Құлагер атын күткендей.
Әскерден балауса қыздың,
Алғашқы махабатын күткендей.
Сөзіңе іңкәр едім ғой,
Төзімді құрта бердің ғой.
Сен үнсіз қалған сәттерде,
Таусылып қамығып тұрам,
Даусыңды сағынып тұрам,
Сөзіме жауап бер, жаным!
Дұшпанға кектенген кезде,
Біреуді жек көрген кезде,
Досына дархан көңілі,
Тосыннан шектелген кезде,
Сөйлеуге ерінер адам,
Достықтың үнсіздігіі,
Көктемнің гүлсіздігі,
Сияқты көрінер маған.
Батады маған бұл дерттей,
Сарылып тағат біткендей.
Сөзіме жауап күтемін,
Хатыма жауап күткендей.