01.06.2022
  152


Автор: Мақсат Әлсейітов

Пері қызы перизат қолыңды ұзат...

Пері қызы перизат қолыңды ұзат,
Көріп жүрмін сенімсіз өмірді жат.
Аялы алақаның керек маған,
Жабырқатты жасанды көңілді сәт.
Қасірет бұлтын ысырып таста күнім,
Жанарыңның шашу ғып шаш жарығын.
Тазарайын өзіңе қарап айым,
Аралайын ертегі патшалығын.
Асқар шыңның басына бұлт үйірілсе,
Бұлт қашпай ма шұғылаға бір сүйдірсе.
Ағыл – тегіл өзенге айналмай ма,
Ақ қарлардың жүрегін күн күйдірсе.
Бұлтты жүрек ойнатсын жасын өлең,
Әуре болсын пысықтар басыменен,
Ауыр бұлттар айналып ақ жаңбырға,
Ағып кетсін көзімнің жасыменен.
Пері қызы перизат қолыңды ұзат,
Көрмейін сәулелі өмірді жат.
Жырлайын талқаным таусылғанша,
Қалмайын тат басқан темір құсап.
Қасіреттің бұлтынан арылайын,
Мен де,
Күлейін, жадырайын,
Пері қызы перизат сәулеңді шаш,
Жылайын,
Еңірейін,
Жалынайын!





Пікір жазу