01.06.2022
  169


Автор: Мақсат Әлсейітов

Жан мен жын

Бес күншілік мынау шолақ пәниде,
Жын-ібіліс басып кірер тән-үйге.
Запы болып шақырусыз «мейманнан»,
Үй иесі – Жан қиналар әрине.
Шығара алмай шақырусыз мейманды,
Үй иесі азап шекті, қиналды.
Іште жүрген Жан мен Жынның шайқасы,
Қалтыратып дірілдетті үй-тәнді.
Жүрек деген алтын таққа төрдегі,
Отырады екеуінің жеңгені.
Соның ғана ырқыменен жүреді,
Тақта отырып кім билесе пендені.
Басқыншыға құлдық ұрса Жан құлша,
Баспанасын жау қолында қалдырса,
Жын –ібіліс билеп бүкіл болмысын,
Сорлы пенде өмір сүрер малғұнша.
Қаһарманша Жан қорғаумен мекенін,
Шаршаған да білмей тіпті не етерін.
Жаппар Ием жібереді жәрдемге,
Жай оғымен қаруланған нөкерін.
Басқыншыны Һақ қуады діліңнен,
Көк қуады күркіреген бір үнмен.
Жер қуады тоғыз баллдық дірілмен,
Мен қуамын ағыл-тегіл жырыммен!





Пікір жазу