01.06.2022
  118


Автор: Мақсат Әлсейітов

Сұлтаным, тыңда датымды

Сұлтаным, тыңда датымды,
Үмітім Сізде ақырғы.
Жүректен шерім тамшылап,
Жолдадым үшбу хатымды.
Мен аруана –
Отанын аңсап боздаған,
Өзіме мәлім, өз бағам.
Аруана ақын зары бұл,
Іштегі шерін қозғаған.
Мен – жаралы жолбарыс
Жонына жебе қадалған.
Оташы болмай оны алған,
Жарадан қаны тамшылап,
Жеріне зорға оралған.
Жазылмай орыны жебенің,
Кеп едім, іздеп тек емін.
Алаштың айна көшесін,
Шүберек қылып жүректі,
Сыпырсам – орны жебенің
Жазылып кетер ме деп едім.
Ала алмай жеке куәлік,
Жағамды жаспен суарып;
Зар болып тілім қағазға,
Ағарды шашым қуарып.
Жеті рет келді тырна, қаз,
Емеспін өткен күнге мәз.
Жеті жыл күттім әлі жоқ,
Жүректей ыстық бір қағаз.
Созсам да қанша қолымды,
Үмітім тасқа соғылды.
Зуылдап қара мысықша,
Делдалдар кесті жолымды.
Ұлтымды сүйер адал, шын,
Ұл бола алмасам маған сын.
Қазаққа атқан әр жебе,
Қадалсын маған, қадалсын!
Топырақты – терге шөлдеген,
Сүрме қып сүртем көзге мен.
Көргем жоқ аппақ парақты,
Кірлетіп жалған сөзбенен!
Ұлтыма ғана боп ғашық,
Аузымнан жалын от шашып.
Ізіме ерген ұрпағым,
Кетпестен бұрын сарттасып.
Өзекті отша жандырып,
Көзімнің жасын қан қылып.
Байырғы қазақ жерлерін,
Қолына жаттың қалдырып.
Жерімде тәнім қалсын деп,
Жанбаған бағым жансын деп,
Кіндіктің қаны тамбаса,
Жүректің қаны тамсын деп;
Сағынып елге жеткен ем,
Жат елде жапа шеккен ем.
Қазақтың әрбір шаһарын,
Кем көрмеп едім Меккеден!
Ұлтымнан келмей тыс қалғым,
Құс болып елге ұшқанмын!
Балаша жылап, еңіреп,
Топырақты сүйіп құшқанмын!
Ес кетіп, ұстап ексімім,
Топырақты сүйіп өксідім.
Жаралы жүрек зарлы ақын,
Қағазға салды тек шынын!
Дат тақсыр!
Жүректі ғана бетке ап бір,
Қанатын қақты әппақ жыр.
Аққу боп ұшқан жырымды,
Аңшылар жолдан атпас-дүр!
Дат, патшам!
Жетер ме жырмен хат жазсам?
Жарқ етті жырдың семсері,
Қынапта қалып тат басқан.
Сұлтаным, тыңда датымды,
Үмітім Сізде ақырғы.
Қарашаң қылып қабыл ал,
Зарыққан біздей пақырды!





Пікір жазу