01.06.2022
171
Біз – Сақтармыз...
Біз – Сақтармыз,
Қырғыз да Сақ, Мен де Сақ,
Ызғарлардан болмайды сақ болмасақ!
Бір денемнің екі иығын жылытар,
Алатауым алып ала тонға ұсап.
Көкірегіме шемен толды, шер толды,
Көзден аққан жасым ыстық көл болды.
Сақтанайын, сақ болайын мен енді,
Таптатпайын табандарға кеудемді!
Қос қанат боп бірге ұшармыз шыңдарда,
Қос қол болып жүк артармыз бір нарға.
Дауылдардан, жауындардан сақтанып,
Айналармыз бір денеге – бір жанға!
... Абылайдың ақ үмітін ақтармын,
Иманымды – жиғанымды сақтармын.
Бірақ, бірақ,
Оянғанша төсегіне жатқан күн,
Дүр сілкініп құм көрпенің астынан,
Түргелгенше шаһарлары сақтардың,
Сахаларды қалай қылып сақтармын?