01.06.2022
  108


Автор: Мақсат Әлсейітов

Іздеп едім даламды тас қаладан...

Іздеп едім даламды тас қаладан,
Шыға келді алдымнан басқа ғалам.
Тонометр қылды да жүрегімді,
Қан қысымын өлшетті қасқа далам.
Жоғары екен даламның қан қысымы,
Таусылыпты шарасы, бар қызығы.
Босағадан телміртіп қарт анасын,
Кіргізбепті қалаға жалғыз ұлы.
Орыс-орман сарт-сауан бақа-шөке...
Есі дұрыс пендеге батады екен.
«Шым» еткізіп жанымды шағып алды,
Абылайдың түсіндей атамекен.
Ұрпағы едім кешегі көшпенді елдің,
Сайын дала төсінде ескен желмін.
Далам-анам дарытты дара қасиет,
Табылмайтын бойынан кез келгеннің.
Көрсем деп ем даламның дархан қалпын,
Босағада тұр екен... аң-таң қалдым.
Көктем келіп кірсе де көшелерге,
Қары еріп бітпепті қаңтарлардың.
Біреу еріп бітпеген мұзды ақтайды,
Қыстан қалған сүр ғой деп тыздақтайды.
Алатауым-абызым ойға шомып,
Түйіп алып қабағын міз бақпайды.
Бар бояуын даламның
Жан екпінмен,
Көшіре алмай қалаға әлекпін мен.
Қоңыр ғана қалпымнан жатырқайды,
Көшедегі көк жасыл желек біткен.





Пікір жазу