01.06.2022
  134


Автор: Мақсат Әлсейітов

Қаңқылдап ақ қаз қайталап қобыздың зарын...

Қаңқылдап ақ қаз қайталап қобыздың зарын,
Қанатын қағып іздейді нағыз сыңарын.
Еділден ұшқан сам үйрек (қаптауға кеткен),
Білді ме екен осынша сағындырарын?
Батар күн жақты бетке алып лағып кеткен,
Сам үйрек кері қайтпады шұбалып көкпен.
Атқан таң хабар айтпады шуағын төккен,
Көз жасын төгіп оралды жылауық көктем.
Көктеммен бірге қайтпады ән салып көкпен,
Үмітім тасқа ұрынды (қаншалық күткем).
Ошарсыз кеткен мұңлығым оралар ма еді,
Жартастың ішін жаңғыртса жар салып көктем.
Күркіреп көктем аспаны ойнатса жасын,
Найзадай шыңның қайраса қайрақша басын.
Қанатын қағып «дүр» етіп сілкінер ме еді,
Ошарсыз кеткен мұңлығым ойлап даласын.





Пікір жазу