01.06.2022
  120


Автор: Мақсат Әлсейітов

Қос батырдың мазарында

Қостұрбадан келеміз астан қайтып,
Құмдарды оқып, парақтап дастандай ғып.
Машинаға ілесіп бір бозторғай,
Шырылдайды арызын аспанға айтып.
Білем-білем білектей бұйратыла,
Бұйрат құмдар шілденің күйді отына...
Келіп жеттік бесінде «Бидайкөлге» –
Қадыр менен Садырдың зиратына.
Шопыр бала қаңтарды «көкқасқаны»,
Бижан молда зиратқа топ бастады
Қатым оқып болған соң қос батырға,
Топқа қарап молдекең гәп бастады.
– Балалығым өтті ғой осы маңда,
Қозы бағам,
Небәрі жасым онда.
Құйып-құйып алушы ем құлағыма,
Дария шалдар аңыз боп тасығанда.
Жұдырықтай жұмылтып төңірегін
Екі батыр өтіпті қорып елін.
Қызылқұмды жайлаған қос жолбарыс
Жолатпапты Хиуаның бөрілерін.
Қырық жігітін қос батыр ізіне ертіп,
Құмның ішін өтіпті дүбірлетіп.
Қай тараптан жау келсе
Сол тарапқа
Атқан оқша барыпты шұғыл жетіп.
Сақадай сай қырық сарбаз іріктелген,
Бірі онға татитын жігіттерден.
Бір мезетте сілтепті бес қаруын
Қырық жігіт-қырық найзагер,
қырық мерген.
Екі батыр-екі от лаулап жанған,
Отпен ойнап көргендер сау қалмаған.
Беу дүние-ай, сынапша сырғып-сырғып
Солардың да басынан ауған жалған.
Бас қосылып, боп қалса бірер жиын,
Шалдар сөзін аңызға тірейтұғын.
Айтушы еді жыр қылып қос батырдың,
Зиратына жолбарыс түнейтінін.
Баяндамай естіген ақпарларды,
Көргенімді айтайын-нақ болғанды.
...Таң сәріде ағаймен жолға шықтық
Қарайық деп құмдағы қақпандарды.
Бозарып таң атқан шақ жарық түсіп
Бозторғайлар шырқауда шабыт қысып...
Кенет мына қорымнан шыға келді
Екі көзі от шашқан алып мысық.
Шұбар ала сұмдықтан көзді ала алмай
Тас боп қатып қалыппыз қозғала алмай
Анау сайға түсті де ғайып болды
Бізбен тіпті шаруасы болмағандай.
Анау сайға түсті де болды ғайып,
Ессіз-түссіз қалыппыз солбырайып.
Есін әзер жинаған ағам пақыр,
Оқып жатыр білгенін қолды жайып.
Олжалы боп оралдық қақпан көріп,
Дәу киіктің текесін атқа өңгеріп.
Құран қатым оқыды қос батырға,
Біздің үйге сол күні қарттар келіп.
Мына құмда қап қойған бала шағын,
Бір күрсініп еске алды қара шалым...
Бесін ауа «Көкқасқа» жолға түсті,
Будақтатып аспанға дала шаңын.
Тектілердің қасиетін текті аң білген,
Тектіліктен бөлініп оқшау жүрген.
Шағал, қарсақ, түлкі боп күн кешпесең,
Бұл өмірге симайсың жат қалпыңмен.





Пікір жазу