01.06.2022
  83


Автор: Мақсат Әлсейітов

Бесқала

Жылқы-жаным күрсініп,
Сағынғанда үйірін;
Тамды саған шоқ болып,
Ішімдегі күйігім.
Қып-қызыл шоқ маздаған,
Тамды кіндік қаныммен.
Келесін аңсап боздаған,
Қызылқұмың – сары інген.
Күлгін тартпа қызыл шоқ,
Күлге айналма қызыл шоқ.
Сексеуіл бар да сен барсың,
Сенсіз менің күнім жоқ!
Қоламтаңды үрлейін,
Қызуыңды өшірмей.
Қызыл тілім тиылмас,
Қайран басым кесілмей!
«Уһілеген» Үстіртің
Ақ Баянның Қозысы.
Қарабай мен Қодардың
Өзіне дұрыс өз ісі.
Таз кепешің басыңда,
Батыр Қозы, мұңлығым!
Қарабай мен Қодарға
Керек сенің құлдығың!
Таз кепешті лақтырып,
Ақ отауға енсеңші.
Ақ Баянға қосылып
Бір молада өлсеңші!
Үстірт, Қызыл есіл жер,
Быт-шыт бүгін төсіңде ел.
Қолдан бердім сендерді
Мен пақырды кешіңдер!..





Пікір жазу