01.06.2022
  155


Автор: Мақсат Әлсейітов

Мұрындық

Қазақ – түйе, ал жүз грамм мұрындық,
Мұрындыққа мұрнымыздан іліндік.
Іліндік те айырылып еріктен
Емпең-емпең жетекке еріп жүгірдік.
Қазақ – түйе, мұрындығы – арағы,
Мұрны емес, жүрегі оның жаралы.
Келе-келе түйелердің ішінен,
Таңдап-таңдап жампоздарды табады.
Қазақ – түйе, осал жері: мұрыны,
Бұйда болды бойжеткеннің бұрымы.
(Аузын ашып, әждаһа арбап тұрғанда
Кімге жетсін бозторғайдың шырылы!?)
Қазақ – түйе, мұрындығы би оған,
Үзбесе оны семсер түсіп қиядан.
...Мұрынымда мұрындығым тұрғанда
Еркіндікте жүрмін деуге ұялам.





Пікір жазу