Құтмағанбетке хат
Арғы бабаң Сарыбас, батыр болған,
Бергі бабаң Ерімбет ақын болған.
Сол шалдардың әруағы желеп-жебеп,
Һәр ісіңнің тәңірім сәтін салған.
Бес саусақтың Бесқала саласындай,
Қазағының келед деп бағы ашылмай.
Арыстанға айттың сен арманыңды,
Айдарыңнан сипайтын нағашыңдай.
Айдарыңнан сипайтын жан бар ма екен!?
Заңғар көкем, аздаған аңғал көкем.
Қазалыға, қайтейін, алыс болды,
Ата-бабам қоныс қып алған мекен.
Елдің жүгі тұрса да жонарқаңда
Туған жерге өгейсің шараң бар ма!?
Мың жылқыдан бір жетім тай бермейтін,
Өгей өлке ұқсайды сараң шалға.
Құлақ түрсек бұрынғы көне аңызға,
Баяғы Әбілхайыр заманында,
«Шетте жүріп қазаққа қорған бол» – деп,
Ханнан бұйрық келіпті бабамызға.
Содан біздің бабамыз шетке қонған,
Керуен тонап, өзі де көп тоналған.
Қалқан болып қазақтың құбыласына,
Кеудесіне сан мәрте оқ қадалған.
Қазақ жерін созып мың шақырымға,
Қызылқұмда домбығып аты құмда:
Шеттеп-шеттеп шегінтіп шегараны.
Шетте қалған өзі де ақырында.
Бабаларым ту ұстап, тұлпар мінді,
Жалаң тұсын халқымның қымтап жүрді.
Бұлт бүркеген бабамның айдай туы,
Бұлт астында маған да жыр жаздырды.