Тау сілемі
Таусылып қалғаны ма тау сілемі,
Таусыз жерде жаңғырмас даусым енді.
Жоғалтқан тауларымның нар бейнесі,
Көк дәптердің ішінде қалсын енді.
Ақ жүректен туылсын дүние бұл,
Өте шықпай тұрғанда құйын-өмір.
Жоғалтқан тауларын сол табар бір күн
Көк дәптердің ішінен дүйім елім.
Тіршіліктің қамы үшін күле баққан
Төбелер көп мойныма білек артқан.
Төбе емес, маған керек тау сілемі
Көз жасы селден, жаралған жүрегі оттан.
Тау сілемі көзімнен бұл-бұл ұшты,
Ық-панасыз үйімнің түндігі ұшты.
Ауғандар да бақытты менен гөрі
Жастап өлген басына Гиндикушты.
Түз жалаңаш, түз түгіл, қыз жалаңаш,
Запыран жүзім сарғайған күздегі ағаш.
Араратын сағынған армияндай,
Алатауын сағынды біздегі Алаш.
Алпыс басты Алатау арланбаса,
Жартас жасап кетейін қолдан қашап.
Жартасымнан шартас ал, ең болмаса,
Азу тісі мұқалған арлан қазақ