01.06.2022
  158


Автор: Мақсат Әлсейітов

Қара парта

Қара парта,
Қара парта,
Ғажайып,
Бүгін сені еске алмаудың өзі айып.
Қызылқұмның сексеуілі тәрізді,
Қалыпсың ғой сен де бүгін азайып.
Қара парта – қайыспайтын қара нар,
Қайсарлығың хас болатпен пара-пар.
Тәлімді еді,
Жалынды еді,
Отты еді,
Сенде отырып хат таныған балалар.
Қара парта – қарапайым ұлылық,
Қызуыңа өсіп едім жылынып.
Бүгінгінің парталары қаусап тұр,
Төрт бұрышы төрт шегеге ілініп.
Қара парта – шын шабыттың ұлысың,
Шабытсыздың соққан мүлкі құрысын.
Хас батырдың ескерткіші тәрізді
Сол баяғы... Сол баяғы тұрысың.
Шабытсыздың соққан мүлкі жау саған,
Кімге барып, қайда барып дау соғам?
Сені шетке шығарыпты,
О, тоба!
Мына тұрған партасымақ қаусаған.
Сен – тұлпарсың,
Мына парта жабыдай,
Кешір, тұлпар, кеттік сені танымай.
Жабы мінген жеткіншегім күні ертең
Ұсақталып кетпес пе екен тарыдай...





Пікір жазу