Атшабардың аспаны
Керегеден гуілдеп жел еседі,
Гуіліне жан құштар емес еді.
Киіз үйдің ішінде жанған шырақ,
Екпінімен сол желдің неге өшеді!?
Түскиізім қалшылдап дір-дір етті,
Құлап түскен домбырам бір «зың» етті.
Саусағымды үсітсем өкінбес ем,
Мына суық тоңдырып тұр жүректі.
Туырлықты тулақша желпілдетті,
Босағаға домалап бөркім кетті.
Жоқтау айтып жылаған кейуанадай,
Еңкіш иінін уығым селкілдетті.
Ергенектен ес кетіп сасып қалды,
Аңқайды да... ауызын ашып қалды.
Көйлегімді кірлетсем өкінбес ем,
Жүрегімді шаң-тозаң басып қалды.
Шаңырағым қарайды жетімсіреп,
Не болады жел соқса екінші рет.
Басы ала бір мысық мияулайды,
Бақандағы жылқының етін сүйреп.
Зыңғытып ем жерден бір кесекті ала,
Етпен бірге құлады қосақтала.
Жылқы етінен иіс ұрлап жел жүгірді,
Қашқан мысық соңынан безек қаға.
Сақ-сақ күлді сайқал жел масаттана,
Қорланады көңілі босап дала.
Сексеуілдің томарын құрт ғып сорып,
Сыр бермей тұр, әзірше, ошақ ғана.